Құрылыс-монтаждау жұмыстары — бұл құрылыстағы барлық жұмыстардың жалпы атауы. Дайын бөлшектерді пайдалана отырып, орындалатын жұмыстар монтаждау жұмыстары деп аталады. Құрылыс жұмыстарының барлық түрлері жалпы құрылыс, арнайы, көлік, тиеп-түсіру жұмыстарына бөлінеді.
Жалпы құрылыс жұмыстары деп құрылыс ғимараттары мен құрылыстарын салумен байланысты жұмыстар аталады. Жалпы құрылыс жұмыстары қайта өңделетін материалдардың немесе тұрғызылатын конструкциялық элменеттерге байланысты бөлінеді.
Жер қазу жұмыстары: ленталы іргетастар, жеке тұрған тіректер, жертөлелер, жер асты коммуникациялары үшін қазаншұңқырларды, шұңқырларды, орларды қазудан тұрады; топырақты тасымалдау — тиеу, шығару, түсіру, алаңдарды жоспарлау, аршу жұмыстары, қайтадан көму, үйінділер жасау, топырақты нығыздау және т.б.
Қада қағу жұмыстары — қадалы іргетастарды орнату, қадаларды қағу немесе қадаларды батыру.
Тас қалау жұмыстары — бұл қабырғаларды, тіректерді, бағандарды, оның ішінде даналы бұйымдарды (кірпіш, табиғи тас, ірі бетон блоктарды) тұрғызу.
Монтаждау жұмыстары — бұл жұмыс орнына дайын бұйымдарды – болат, бетон, темірбетон, ағаш және т.б. бұйымдарды жеткізу, дұрыстау және бекіту.
Ағаш ұсталық және жону жұмыстары — бұл жұмыс орнына дайын ағаш бұйымдарды жеткізу және итарқаларды, терезелерді, есіктерді орнату, сондай-ақ тақтайлар мен паркеттен еденді төсеу.
Шатыр жабу жұмыстары шатыр жабындысын болат және асбоцемент табақтармен және шатыры жоқ төбелерді – орама материалдармен (қарақағаз, пергамин, рубероид) жабудан тұрады.